ҚР мәдениет және спорт министрлігі әншілердің киімінен бастап, әннің мәтініне дейін сүзгіден өткізетін ережені заңға кіргізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазір министрлікте құрылған комиссия осы жобамен айналысып жатыр. Ол бойынша әншілер сахнада ән айту үшін арнайы лицензия алуға міндеттелмек, оны алудың өзіндік талаптары болады. Яғни концерт қою үшін арнайы лицензия алу қажет, оны орындамаған жағдайда заңмен жауапкершілікке тартылатын болады. Одан бөлек жанды дауыста ән айта алмайтындардың қатарын азайту жоспары да бар.
"Әлемнің көптеген елдерінде бұл сұрақ шешілген, әсіресе Еуропа, АҚШ, Өзбекстан және Түркменстанда концерт ұйымдастырушы министрліктен лицензия алуға тиіс. Осы мәселеге байланысты бізде 2006 жылы енгізілген заң бар, бірақ оның шикі тұстары көп. Біз лицензия беру жүйесіне көшпесек, фонограмма проблемасын шеше алмаймыз. Мысалы, Қазақстанда әрбір адам концерт ұйымдастырып, ән айта береді, ал біз одан не үшін фонограммамен айттың деп сұрай алмаймыз. Егер лицензиясы бар болса, біз жауапкершілікті ұйымдастырушыдан талап етеміз. Бұл - фонограммамен ән айтушылармен күресудің дұрыс әдісі, бұны қабылдамай, фонограмманы жоя алмаймыз",- деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, аталған заң жобасы 2019 жылы қабылданады деп жоспарланып отыр.