Түркиядағы Анталия индустриялық аймағының делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Құрамында 20-дан астам делегат бар топты индустриялық аймақтың төрағасы Әли Бахар бастап жүр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Түркиялық бизнесмендердің өңірімізге іссапарының мақсаты – ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларға инвестиция тарту, осы саладағы орта және шағын бизнесті дамыту.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, әлеуетін бағамдауға келген делегация мүшелері Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақ пен индустриялық аймақтың жұмысымен танысып, ондағы кәсіпорындарды аралады. Өңірдің экономикалық әлеуетімен танысқан түрік кәсіпкерлері аймақта атқарылып жатқан жұмысты оң бағалап, болашақта бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Түрік кәсіпкерлерінің Оңтүстікке сапары аясында 30 наурыз күні жергілікті кәсіпкерлермен B2B кездесулер өткізу жоспарланып отыр.