Антикор азық-түлік бағасын өсіру кезіндегі жемқорлықты ерекше бақылауға алады

250

Бүгін Антикорда жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жекелеген мәселелері, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мәжіліс өтті.

Антикор азық-түлік бағасын өсіру кезіндегі жемқорлықты ерекше бақылауға алады Фото: gov.kz

Антикор азық-түлік бағасын реттеу кезінде жемқорлық бұзушылықтардың жолын кесуді ерекше бақылауға алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали маусымаралық кезеңде Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға және тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Бұл мәселе әсіресе су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін өзекті болып саналады.

Атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстаннан жеткізушілерден азық-түлік ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей жеткізу мүмкіндіктері пысықталды. Тауарлар тікелей қазақстандық нарыққа делдалдарсыз және алып сатушыларсыз және неғұрлым қолжетімді бағамен жеткізілетін болады.

Осыған байланысты, А. Жұмағали аумақтық бөлімшелерге жемқорлық тәуекелдері мен көріністерін болдырмау мақсатында аталған процестерге мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары кез келген жемқорлық құқық бұзушылықтардың, оның ішінде заңсыз пайда алуға бағытталған түрлі құқыққа қарсы схемаларды құруға байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесетін болады.

Баға белгілеуге теріс әсер ететін жемқорлық факторларына, оның ішінде тараптардың үлестестігіне, мемлекеттік аппарат тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер құруға, нарыққа жосықсыз қатысушылар тарапынан айла-шарғы жасауға және теріс пайдалануға ерекше назар аударылатын болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу