Биылғы 11 айда мемлекетке 600 млрд теңгеден астам заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражат қайтарылды

743

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады.

Биылғы 11 айда мемлекетке 600 млрд теңгеден астам заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражат қайтарылды Фото: akorda.kz

Олжас Бектанов Президентке елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Олжас Бектеновтің айтуынша, биыл 11 айда мемлекетке құны 600 млрд теңгеден астам заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражат қайтарылды. Бұдан бөлек, елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталды және олар жақын арада мемлекетке қайтарылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеп-тексерген қылмыстық істерден тәркіленген қаржы қазірдің өзінде мектеп құрылысына жұмсалып жатыр. "Ақтөбе" ӘКК-ге қатысты қылмыстық іс аясында кінәлі тұлғалар 197 млн теңге шығынды өтеді. Қаражаттың негізгі бөлігі ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалды.

Президентке сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды болдырмауға бағытталған алдын алу шаралары туралы ақпарат берілді.

Олжас Бектенов көліктік бақылау, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы салаларына, көші-қон қызметінің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың және "Қазақстан темір жолы" АҚ жұмысына сыртқы талдау аяқталғанын жеткізді. Оның қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған 2 мыңнан астам ұсыныс әзірленді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу