Антикор бизнеске заңсыз араласудың 72 фактісін анықтады

684

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметшілер тарапынан бизнестің жұмысына заңсыз араласу және бизнеске қысым жасау фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, деп жазады inbusiness.kz Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Антикор бизнеске заңсыз араласудың 72 фактісін анықтады Фото: el.kz

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Агенттік Төрағасының орынбасары Асхат Жұмағалидің басшылығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс тобының және "Атамекен" Ұлттық палатасының кезекті кеңейтілген отырысы барысында белгілі болды.

"Жыл басынан бері осындай 72 факт анықталды, олар бойынша 165 сотқа дейінгі тергеу басталды, 112 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 65-і сотталды.  Заңсыз әрекеттердің көпшілігі пара алумен байланысты, соның ішінде орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою, рұқсат құжаттарын беру және басқалары жатады. Олардың жалпы құрылымдағы үлес салмағы 80% құрады", делінген ақпаратта.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері жоғарыда көрсетілген барлық фактілер бойынша мемлекеттік органдар басшылығының атына сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізді.

Сондай-ақ, кеңес барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысы талқыланды.

"Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізген және қолдайтын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік сатып алу кезінде жеңілдіктер, преференциялар, шартты жеңілдіктер және басқа да қолдау шараларын енгізу мәселесі қаралды (іс-шаралар жоспарының 15-тармағы)", делінген ақпаратта.

Кеңес қорытындысы бойынша 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу