Антисептик ішіп уланған 17 жасар бойжеткен қайтыс болды

1455

Ол тәрбиеленген орталықтың төрт қызметкері жұмыстан кетті.  

Антисептик ішіп уланған 17 жасар бойжеткен қайтыс болды

Осыдан бір ай бұрын Павлодар қаласындағы қиын жағдайға тап болған балаларға арналған орталықтың үш тәрбиеленушісі антисептик ішіп, уланған болатын. Кейін белгілі болғандай, 16-17 жасар қыздар 1 қаңтар күні сағат 20.30 шамасында "Антисептик - МД-1" сұйықтығын сумен араластырып, әрқайсысы екі жарым стақанын ішкен. Бұл туралы медициналық қызметкерлер мен тәрбиешілер бейхабар болған. Екінші күні үш қыздың жағдайы нашарлап, жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Өкінішке қарай, дәрігерлер 17 жасар қызды құтқара алмады. Ал оның екі құрбысы осыдан екі апта бұрын емдеу мекемесінен мамандандырылған орталыққа қайта оралды.

Бұл жайсыз жағдай туралы тек бір айдан кейін белгілі болып отыр. Бұған дейін мемлекеттік мекемелер өкілдерінің бойжеткеннің өмірін жалмап кеткен оқыс оқиға туралы не себепті жақ ашпағаны белгісіз.

Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, бұл мамандандырылған орталықта ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім, бақылаусыз 29 бала бар. Орталық қызметкерлері 18 жасқа дейінгі балаларға жаңа отбасы тауып беруге көмектеседі. Бүгінде мұндағы ата-аналар мектебінде бала асырап алуға ниетті 42 адам оқудан өтуде.

 Антисептиктен уланған үш қыз да орталыққа өткен жылдың қазан айында, әкелері мен аналары ата-ана құқығынан айырылған соң орналастырылған.

"Тәрбиеленушінің қайтыс болуына байланысты мекеме басшысының орынбасары, тәрбиеші мен медбикеге қатаң сөгіс жарияланды. Тағы бір медбике, тәрбиешінің екі көмекшісі мен күзетші жұмыстан кетті. Орталық директоры да жұмыстан босату туралы өтініш жазды, бірақ оған әзірше қол қойылған жоқ", - деді Дінислам Болатханұлы.

Бұл - аталмыш орталықтың басы бәлеге қалған алғашқы жағдай емес. Былтыр жуынатын бөлмелер мен дәретханаларда бейнекамералардың орнатылғаны, ал жазбалар бірден директордың кабинетіндегі экранда көрсетілетіні анықталған еді. Сол тұста орталық басшылығы бұл балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолға алынған шара деп ақталды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу