Әнұранды рэпке айналдырғандар айыппұл арқалады

2662

Мемлекеттік рәміздерді мүлдем орналастырылмаған балабақшада бар болып шықты.

Әнұранды рэпке айналдырғандар айыппұл арқалады

Қызылорда облысындағы 21 мекемеде мемлекеттік рәміздер талапқа сай орналастырылмаған екен. Бірінің туы жыртылса, енді бірінің түсі сәйкес келмейді. Тіпті әнұранды рэпке айналдырып, айыппұл арқалағандар да бар боп шықты. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында айтылды.

Маусым мен мамыр айында аймақтағы 167 мекеменің мемлекеттік рәміздеріне тексеріс жүргізілген. 21 ғимараттан кемшілік анықталған. Әсіресе Қызылорда облысының Қорғаныс істері департаментінің Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданындағы рәміздер талапқа сай келмейді екен.

"Біз республикалық бюджетке қараймыз. Қорғаныс министрлігіне бір жыл бұрын барлық департаментке қарасты мекемелердің рәміздерін ауыстыруға тапсырыс бергенбіз. Бірақ әлі толықтай қамтамасыз етілген жоқ. Бас штабтан жауап күтіп отырмыз", – дейді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының міндетін атқарушы Ержан Қуанышбаев.

Бұл уәж облыс әкімін қанағаттандыра қойған жоқ.

"Сіздер басқаларға үлгі боласыздар ғой. Ақша бөлінген жоқ деген, бұл аргумент емес. Жергілікті әкімшілікпен бірге аудандарда жұмыс істеу керек", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандық басқармаларында да кемшіліктер бар болып шықты. Оларда көк тудың тозып, сетінегені, түстерінің сәйкеспейтіні айтылды.

Бұл мәселеге облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменова, 24 сағаттың ішінде тулардың барлығын ауыстырғанын айтты.

"Ту тұғырының айшығы сынған, рәміздер стендісі жоқ" деген секілді кемшіліктер осылайша бірнеше мемлекеттік мекемелерден анықталды. Тіпті мемлекеттік рәміздерді мүлдем орналастырылмаған балабақша да кездесіпті.

"Мемлекеттік рәміздерді қолдануда кемшілік жіберген мекеменің басшысын жауапкершілікке алуды тапсырамын. Кемшіліктер бойынша ескерту мен тәртіптік шара қолдану керек", – деді облыс әкімі.

Ал әнұранды рэп жанрында орындап, онысын әлеуметтік желіге жүктеген 2 дерек тіркелген екен. Оларға әкімшілік айыппұл салыныпты.

"Рэп жанрында орындаған жасөспірімдердің бейнеролигіне байланысты мемлекеттік гимнді пайдалану және орындау бойынша полиция департаменті мен жергілікті ішкі саясат бөлімдерінің бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 2 дерек анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесімен 1 азаматқа 10, 2-не 50 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды", – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазыбекова.

Мемлекеттік рәміздерге қатысты кемшілік жылда қайталана беретіні рас. Уақытылы ауыстырылмағасын өңі оңып, сетіней бастайтыны белгілі. Бұндай жайтқа мұқият болуды тапсырған аймақ басшысы, рәміздерге құрметпен қарауды, ал қателік жібергендерге қатаң шара көрілетінін айтты.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу