Алматы халықаралық әуежайында санитарлық-эпидемиялық бақылау күшейтілді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, шаһарда шетелден келетін жолаушылар үшін 6 карантиндік стационар ұйымдастырылған.
"6-23 қараша аралығында Алматы халықаралық әуежайына бортында 52733 жолаушысы бар 389 рейс ұшып келген. Оның ішінде COVID-19-ға теріс нәтижесі бар анықтамаларымен 47627 жолаушы, 5083 адам анықтамасыз келген. ПТР талдау тапсыру үшін 5060 адам карантиндік стационарға жатқызылды. 47 оң нәтиже алынды. Сондай-ақ, анықтаманың жоқтығынан 23 шетелдік азамат депортацияланды. Алматы әуежайында халықаралық рейстермен мегаполиске коронавирус инфекциясына тестілеуден өткені туралы анықтамасыз келген азаматтарды анықтау бойынша қатаң бақылау жүргізіледі", - деп жазылған хабарламада.