АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде

1389

Орталық Азия елдері Ауыл шаруашылығы министрлерінің ІІІ кеңесі өтті.

АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде

БҰҰ Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне дайындық аясында өткен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының бейнеконференциясы агроөнеркәсіп кешеніне инновациялар енгізу мәселесіне арналды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараға Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров қатысты. Айдарбек Сапаров Қазақстан Үкіметі елді өңірлік азық-түлік хабына айналдыруға ниетті екенін атап өтті. Сондықтан, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы саласын өзгертуге қатысты бастамасын қолдайды.

Атап айтқанда, қазір Қазақстанда алдағы 5 жылға арналған АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде. Оның негізгі мақсаты – саланың бірыңғай аграрлық азық-түлік жүйесі ретінде агрономия, цифрландыру және жер ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

"Ұлттық жоба аясында басым бағыттар – дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі азық-түлік экожүйесі құрылатын болады. Бұл ішкі нарыққа ғана емес, көрші мемлекеттердің нарығына да азық-түлік жеткізу мәселелеріндегі жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді. Құжатты әзірлеуге ФАО-ның құзыретті халықаралық ұйымы тартылды. Құжатта БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарында көзделген азық-түлік жүйелерін дамыту, азық-түлік өндіру және ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттары мен тәсілдері ескерілетін болады", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы.

Сонымен қатар ол Қазақстан Үкіметі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторын дамытуға күш салып жатқанын хабарлады.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы цифрлық мемлекет құруға, салаларды цифрландыруға, адами капиталды дамытуға және инновациялық экожүйені құруға бағытталған.

"Мемлекеттік деңгейде мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды, нақты егіншілік элементтері: алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, космомониторинг және басқа да шешімдер қарқынды түрде енгізілуде. Азық-түлік жүйелерінде инновацияларды қолдану көптен бері күрделеніп келген мәселелерді шешуге көмектеседі", - деді А.Сапаров.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық жүйені енгізуге және тұрақты дамудың маңызды аспектілеріне қол жеткізуге ықпал ететін азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитті өткізу идеясын қолдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу