Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде АӨСШК трансформациясы туралы Астана мәлімдемесі бір ауыздан қабылданды, деп жазады inbusiness.kz.
Сонымен қатар кеңеске қатысушы елдердің көшбасшылары АӨСШК қорын құру туралы құжатты да қабылдады.
Келесі қабылданған құжат – АӨСШК көшбасшыларының қауіпсіздік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесінің жобасы.
Сондай-ақ саммитте АӨСШК қорын құру туралы құжат, терроризмге қарсы БҰҰ қарарын жүзеге асыру бойынша АӨСШК іс-қимыл жоспары да мақұлданды.
"Бұл үлкен жетістік. 2012 жылдың қыркүйегінде терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы АӨСШК-нің жеке іс-қимыл жоспарын құру туралы шешім қабылданған сәттен бастап барлық мүше елдер арасындағы өте қарқынды жұмыстың нәтижесі болып отыр", – деп атап өтті Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.