Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жоюды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үкіметтің атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарды жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды", – деді Олжас Бектенов.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев оқиғаға қатысты ақпарат берді.
"Осы жылдың 17 ақпанында "Қазақмыс" корпорациясының Жомарт кенішінде авария болды. Өкінішке қарай, оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты. 402 адам эвакуацияланды. Авария орнында ТЖМ аумақтық жедел штабының жұмысы құрылды. Кеше үкіметтік комиссия аварияның себептерін тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Алдын ала деректер бойынша шахтада табиғи газ жарылған. Комиссия мүшелерімен бірлесіп, авария орнын қарап шықтым. Сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларымен кездесу өткіздім. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Екі арнайы шағын комиссия құрылды. Оның бірі аварияның туындау себебін, екіншісі өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтауы тиіс. Осы екі аталған комиссиялар өз жұмысын 10 күннің ішінде аяқтауы қажет", – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Қазіргі уақытта шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылған. Сонымен бірге тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр, деді Бозымбаев.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, "Қазақмыс" корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсететін болады. Соның ішінде қаза тапқан жұмысшыларды жерлеу рәсімінің шығындарын өтейді. Олардың жылдық орташа жалақыларының он еселенген төлемін, балаларының оқу ақысын төлейді, алған несиелерін өтейді. Қолданыстағы заңнама шеңберінде кеншілердің отбасыларына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік өтемақы тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге арналған өтемақы төленеді. Тергеу нәтижелері комиссия жұмысы аяқталған соң ұсынылады", – деді вице-премьер.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов оқиғаның мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жоюды тапсырды.