Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақтың қара жәшіктері сарапшылар келгеннен кейін бір-ақ ашылады. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Брифинг барысында журналистер қара жәшіктер неге әлі ашылмағанын сұрады.
"Халықаралық азаматтық авиация стандарттары бар. Ең алдымен авиациялық оқиғаны тергеу бойынша комиссия құрылады. Қазіргі таңда мұндай комиссия жедел құрылды. Ол "қара жәшіктер" бойынша шешімдер қабылдайды. Қазіргі уақытта бұл процесс жүріп жатыр. Сарапшылар шақырылды. Олар ертең келеді. Бұл жағдайда өндіруші ел Бразилиядан басқа бұл ұшақтың қалай жұмыс істейтінін ешкім жақсы білмейді. Embraer өкілдері ертең келіп, жұмысқа кіріседі", – деді вице-министр.
Талғат Ластаев Қазақстанда Embraer-190 ұшақтары пайдаланылмайтынын хабарлады. Сөзінше, бұл әуе компанияларының коммерциялық шешімімен байланысты және әуе кемелерінің сапасына қатысы жоқ.