Жолаушыларды құтқару жұмыстарына қатысқан полиция қызметкері Жақсылық Сұлтанов суреті әлеуметтік желілерде тарап кеткен сәби туралы айтып берді.
"Әріптестерімізбен бірінші кезекте ессіз күйде жатқан адамдарды шығардық. Оқиға орнында құтқарушылар, полицейлер мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеді. Біз ұшақты айналып өтіп, тұрғын үй жағына бардық. Ол жерде аяғы сынған әйел адамды таптық. Есеңгіреп қалса керек ашық жарақатына қарамастан жыламады. Ал оның кеудесінде кішкентай сәбиі жатқанын байқадық. Анасының оң қолы да жарақаттанғандықтан баланы сол қолмен ұстап алыпты. Мен анасына баланы алып, жедел жәрдем дәрігерлеріне берем деп едім ол келісті де жылап жіберді", – дейді Жақсылық Сұлтанов.
Полицей сәбидің жасын нақты айта алмады. Алайда ол өзінің 1 жасар қызы бар екенін, ал құтқарылған бала одан кіші екенін хабарлады.
"Құтқару жұмыстары барысында тез қимылдау керек болды. Оның жасын білмеймін. Тек ұл бала екенін білемін. Менің 1 жасар қызым бар, бұл бала одан кіші", – деді Жақсылық Сұлтанов.