Апатты үйде қалғандар көмек сұрайды

688

Балқаш қаласы жанындағы Сарышаған әскери қалашығы бүгінде қаңырап бос қалып жатыр. 

Апатты үйде қалғандар көмек сұрайды

Қалада қалған тұрғындар жақын маңда өткізілетін әскери оқу жаттығудың салдарынан үйлеріміздің қабырғасы сөгіліп құлауға шақ қалды деп дабыл қағуда.

Сарышаған қаласының 3-ші ықшам ауданындағы 4-ші үйдің жағдайы мүлдем мүшкіл. Бұл үйдің іргетасы отырып, қабырғалары қақырап жарыла бастаған. Жергілікті билік өкілдері 2007 жылы бұл үйді темір құрсаумен бекітіп тастаған. Алайда биылғы жылы тағы да қабырғадағы жарықшақтар ұлғайып, тұрғындар алаңдап отыр. Барар жер, басар тауы қалмаған қараша халық түн ішінде ұйықтап жатқанда үй құлап, үйінді астында қалып қоюдан қорқады. Әкімдіктегілерде бұл мәселеге келгенде тығырыққа тірелгендей болып отыр, өйткені Сарышағанда жаңадан үйлер салынбағандықтан, тұрғындарға үлестіріп беретін баспана жоқ. Шенеуніктер бесінші қабаттағы баспаналары әбден жарамсыз болып қалған үш отбасына ғана пәтер тауып бермекші. Ал бұл үйде 60 отбасы тұрып жатыр. Тұрғындар Сарышаған әскери полигонындағы оқу жаттығулары кезінде дүмпулердің көп болуы 1978 жылы салынған үйдің жарылуына әсер етуі мүмкін деп топшылайды.

"2007 жылы үйге құрсау салынып, керме жұмыстары жүргізілген. Үйдің кейбір жерлерінде құрсау үзілген, сондықтан 2019 жылы жарықшақтың ұлғаюын анықтау үшін гипс маяк орнатылды. Бүгінгі күнде жарықшақ үлкейе бастады. Аталмыш үйдің тұрғындары жыл сайын Сарышаған әскери полигонында оқу-жаттығулары өткен кезде дүмпудің кесірінен терезе әйнектері сынып, қабырғаларымыз құлап қала ма деп шағымданатын еді. Ағымдағы жылы шұғыл шығындарға арналған резерв есебінен 7 млн теңге бөлініп, үйдің жарамсыздығы, апаттылығы бойынша қыркүйектің соңында сараптама жасалады",- деп мәлімдеді Ақтоғай ауданының баспасөз қызметі.

 Арайлым Еркебаева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу