Шығыс Қазақстандағы 15 мыңнан астам тұрғынға су басу қаупі төніп тұр, деп жазады inbusiness.kz.
Депутаттың сөзінше, ШҚО-дағы Үйдене су қоймасының апатты жағдайда тұрғанына 10 жылға жуықтады.
2017 жылдан бастап бөгетті жаңғырту жұмыстары басталған, алайда қаржыландырудың болмауына байланысты жобаның 35%-ы ғана орындалыпты. Дайындалған жобалау-сметалық құжаттардың мерзімі аяқталды, бұдан басқа онда басты суағардың негізгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қарастырылмаған көрінеді.
"ШҚО-да бұдан басқа тағы екі су нысаны бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, Тарбағатай ауданының Қандысу су қоймасы мен Күршім ауданының Орта-Теректі су қоймасы 2019-2021 жылдар аралығында жөнделуі тиіс еді. Бөгеттер тасқын судан бұзылған жағдайда су басу аймағында 15,5 мың адам қалып қояды. Магистральдық және шаруашылық ішілік арналардың техникалық жай-күйінің нашарлығы тасымалдау кезінде көп мөлшердегі судың жоғалуына әкеліп соғады. Бұл су қоймалары апатты жағдайда болғандықтан ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін бірден-бір көз бола алмайды", - деді ол.
Ольга Булавкина осы аудандардағы жердің тозуы да өзекті мәселе екенін де атап өтті.
Сенатор ШҚО су қоймаларына кешенді тексеру жүргізуді сұрады.
"Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін облыстың авариялық жағдайдағы су нысандарында қаржыны Үкімет резервінен уақытылы бөлу керек. Шекара маңындағы аудандардың стратегиялық маңызын ескере отырып, аграрлық секторды қолдау үшін су көздерін толыққанды пайдалану проблемасын жан-жақты қарау керек. Осы объектілерде жөндеу жұмыстарының мерзімдерін қысқарту, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар арасындағы бюрократиялық кедергілерді азайту үшін жоғарыда аталған шаралардың іске асырылуын бақылау үшін бірыңғай орталық атқарушы орган айқындалсын", - деп түйіндеді депутат.