Apple алдағы бес жыл ішінде инновациялық технологияларды дамыту үшін АҚШ экономикасына 430 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz компанияның сайтына сілтеме жасап.
Корпорация 2018 жылы ұсынылған пакетпен салыстырғанда инвестиция көлемін 20%-ға арттырады. Бес жыл ішінде қаражаттың басым бөлігі 5G байланыс технологияларын дамытуға және жаңа процессорларды жасауға бағытталады. Жоспар бойынша, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
"Қайта өрлеу және қалпына келтіру кезеңінде Apple инвестициялар арқылы АҚШ-тағы инновациялар мен өндірісті қолдауға күш салады. Қаражат 50 штатқа үлестіріледі", – деді компания басшысы Тим Кук.
Оның айтуынша, бұл бастама озық технологияларды дамытуға, сондай-ақ экологиялық таза өндірісті дамытуға ықпал етеді.
Нақтырақ айтқанда, компания басшылығы Солтүстік Каролина штатында жаңа кеңсесін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар корпорация деректер орталықтарының жұмысына қаржы бөлумен, сондай-ақ 20 штаттағы Apple TV+ ағындық қызметі үшін контент жасаумен айналысады.
Табиғат Нұрболат
Фото: theconversation.com