Apple компаниясының бас директоры Тим Кук Дональд Трампқа 24 караттық алтыннан жасалған тұғыры бар, аты жазылған ерекше әйнек кәдесыйын тарту етті, деп жазады inbusiness.kz сайты New York Times басылымына сілтеме жасап.
– Бұл – Corning компаниясының конвейерінен шыққан әйнек. Гравюра арнайы президент Трамп үшін жасалды, – деді Кук Ақ үйдегі рәсім кезінде журналистерге.
Тим Куктың айтуынша, әйнек Кентукки штатында, ал тұғыр Юта штатында жасалған. Ол сонымен қатар Apple компаниясы жақын арада iPhone және Apple Watch құрылғыларына арналған барлық әйнекті Кентуккидегі жаңа зауытта өндіретінін айтты. Бұл зауыт смартфондарға арналған әйнек өндіретін ең ірі және озық желіге айналатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп, ел ішінде өндіріс ашқан немесе ашуды жоспарлаған компаниялар 100% импорттық тарифтерден босатылатынын жеткізді.
– Apple сияқты АҚШ-та дамып жатқан компаниялар үшін жақсы жаңалық: егер сіз өндірісті АҚШ-та құрсаңыз немесе соған міндеттеме алсаңыз –ешқандай кедендік төлем болмайды, – деді Трамп.