Apple компаниясы Үндістаннан Ресейге жаңа iPhone сатуға тыйым салды

107

Бұл талап орындалмаса, Үндістандағы дүкендер айыппұл арқалайды.

Apple компаниясы Үндістаннан Ресейге жаңа iPhone сатуға тыйым салды Фото: bloomberg.com

Apple компаниясының ресми дистрибьюторлары Үндістандағы бөлшек сауда орындарына ескерту хат жолдады. Егер олар сатқан жаңа iPhone құрылғылары 90 күн ішінде шетелдік SIM-картамен іске қосылса, онда бұл дүкендерге қомақты айыппұл салынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы үнділік Money Control басылымы жазды. Apple-дің ескертуінде айыппұлмен қатар, компания дүкеннің кодын бұғаттауы мүмкін екені де көрсетілген. Бұл Apple компаниясының ресми ескертуі деп атап өтілген. Басылымның хабарлауынша, дистрибьюторлар Apple өнімдерінің басқа нарықтарға, әсіресе компания ресми түрде жұмысын тоқтатқан елдерге кетуін шектеу үшін осындай саясат енгізіп жатыр.

Money Control Үндістанда iPhone 17 моделінің тапшылығы байқалатынын жазған. Әсіресе, 256 ГБ және 512 ГБ жады бар нұсқалары сирек кездесетін көрінеді.

2023 жылдың қазанында Үндістанның iPhone экспортының көлемі елдің жалпы смартфон экспортынан 40%-ды құрап, 1,6 млрд долларға жеткен. Бұл экспорттың 3-5%-ы бейресми жолмен жүзеге асырылады, оның жартысы Ресейге жөнелтіледі. Сондай-ақ Apple смартфондары Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына да жеткізіледі. Бұл аймақтарда сұраныс пен пайда жоғары екені де айтылған.

Money Control басылымының жазуынша, тиісті шара жаңа iPhone 17 сериясының сатылымына қатысты.

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Apple компаниясы iPhone сатылымынан 209,6 миллиард доллар пайда тапты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 4%-ға жоғары. Компанияның жалпы табысы 416,2 миллиард доллар болып, 6%-ға артқан.

Apple соғыс басталғаннан кейін Ресейде өнімін сатуды тоқтатқан. Бұдан бөлек бұл елде Apple Pay және басқа да қызметтерді пайдалануға шектеу қойылды. Қазір Apple техникалары Ресейге параллель импорт арқылы және жеке адамдар көмегімен жеткізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу