Apple неліктен Қазақстанды емес Өзбекстанды таңдады

7908

Apple және Netflix секілді әлемдегі әйгілі корпорациялар неліктен Қазақстанда емес, Өзбекстанда өз бөлімдерін ашып жатыр? Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Apple неліктен Қазақстанды емес Өзбекстанды таңдады

"Бұл кейсті біз зерттеп көрдік. Жалпы Apple компаниясының тоқсаныншы жылдары Қазақстанда кеңсесі болған. Олар осы жерде жұмыс істеп кеткен. Алайда 2000 жылдардың басында олар Орталық Азиядағы кеңсесін жауып тастады. Яғни бұл нарықтан біржолата кетті. Ол кезде Apple компаниясы телефондарды өндірмейтін",деді Алмас Айдаров Орталық коммуникациялар алаңында шетелден тартылған инвестициялар туралы өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша Өзбекстан инвестиция тарту жағынан жылдар бойы вакуумда болып келген. Ал қазір ол елдегі процестер либералдық сипатқа ие болып келе жатқандықтан, компаниялардың көбі жаңа нарыққа зор қызығушылық танытып отыр.

"Apple компаниясы жаңа нарықтарға қызығады. Қазақстанға олар игерілген нарық ретінде қарайды. Оны әркім де дәлелдей алады. Себебі біздің студенттеріміздің өзінде Apple компаниясы өндірген ұялы телефондардың соңғы үлгісі бар. Жаңа телефондарды шығарған кезде біздің елде Apple компаниясы жаңадан таргеттелген жарнаманы шығарып та әуреленбейді. Біздің азаматтар ол аз десеңіз, басқа мемлекеттерден де сол телефондарды алып келеді. Одан бөлек біз Ресей елімен бір экономикалық одақтамыз. Ол елдегі тауарлар қосымша салықсыз-ақ біздің елге келіп жатыр. Міне, сол себепті Apple біздің нарықтың игерілгенін көріп отыр. Ал Өзбекстан нарығы олар үшін игерілмеген",– деді.

Алмас Айдаровтың сөзіне сенсек, Өзбекстандағы азаматтардың көбі Samsung компаниясының ұялы телефондарын ұстайды. 

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу