18-19 наурыз күндері Алматыдағы "Халық Арена" спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды 24.kz. Жарысқа еліміздің 14 облысы және Алматы мен Астана қалаларынан 200-ден аса балуан қатысады.
Қатысушылар сапында белгілі балуандар да аз емес. Соның ішінде үш дүркін "Қазақстан Барысы" Бейбіт Ыстыбаев, әлем чемпиондары Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров, Айбол Айтбек және Ғани Сейділдаев, тұңғыш "Қазақстан Барысы" Ұлан Рысқұл, сонымен қатар Руслан Әбдіразақов, Мұрат Кентонов және тағы басқа білекті балуандар бар.
Қазақстан біріншілігі мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ күресі федерациясы және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтеді.
Біріншілік бағдарламасы: 18 наурыз сағат 10:00 – 82 кг, 90 кг, 100 кг және +100 кг салмақ дәрежелерінде іріктеу белдесулері; 12:00 – жарыстың салатанатты ашылу рәсімі; 16:00 – 82 кг, 90 кг, 100 кг және +100 кг салмақ дәрежелерінде финал; 19 наурыз сағат 10:00 – 55 кг, 60 кг, 66 кг және 74 кг салмақ дәрежелерінде іріктеу белдесулері, 55 кг, 60 кг, 66 кг және 74 кг және түйе балуан дәрежесінде финал.