ҚР БҒМ Алтынсарин атындағы академияның "2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы" әдістемелік нұсқау хаты негізінде 2017-2018 оқу жылында барлық 1-11 сыныптарға бес күндік оқу аптасына ауысуға рұқсат беріледі, деп хабарлайды egemen.kz.
Бес күндік оқу аптасы туралы шешімді әр мектептің әкімшілігі қабылдайды және оны Қамқоршылық кеңесімен немесе ата-аналар комитетімен келіседі. Күнделікті оқу жүктемелігін әр мектеп, мектептің мүмкіндіктері мен жағдайларын негізге ала отырып, сабақ кестесін қамқорлық кеңесімен немесе ата-аналар комитетімен келісіп өздігінен анықтайды. Бұл ретте, бес күндік режимде оқу мектептің оқу жұмыс жоспарының инварианттық (міндетті) бөлігі бойынша жүзеге асырылады. Вариативтік дамыту сенбі күні жүзеге асырылады (үйірмелер, факультативтер, таңдау бойынша пәндер).
"Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа санитарлық қағидалар барлық жалпы орта білім беру мектептеріне 1-11 сыныптарда бес күндік оқу жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. 2017-2018 оқу жылында сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайды. Сабақты бес минутқа қысқарту жүктемелікті айтарлықтай ұлғайтпай, қосымша сабақты қосуға мүмкіндік береді.
2017 жылғы 24 сәуірде ҚР білім және ғылым министрі №182 бұйрығымен "Қазақстан Республикасының орта білім беру мекемелерінде үй тапсырмасын ұйымдастыру және орындау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтары" бекітілді. Үй тапсырмасын орындау: 2-сыныпта – 50 минуттан, 3-4 сыныптарда – 70 минуттан, 5-6 сыныптарда – 90 минуттан, 7-9 сыныптарда – 110 минуттан, 10-11 сыныптарда – 130 минуттан аспауы тиіс. Осы ұсынымдамаға сәйкес үй тапсырмасын дайындау уақытын қысқарту үшін 5-11-сыныптарда қосарланған сабақтар өткізуге болады. Қосарланған сабақтарды қандай оқу пәні арқылы жүргізуді әр мектептің әкімшілігі өздері анықтайды.
Көркем әдебиетті оқуды, жобалы жұмыстарды орындауды, математиканы тереңдетін оқу үшін есептерді шешуді, бірінші сынып оқушыларына екінші жарты жылдықтан бастап оқуды қоспағанда мереке және демалыс күндеріне үй тапсырмасы берілмейді. Әр пәнді оқуға бөлінген оқу бағдарламалары және сағаттар саны өзгермейді, бірақ 40-минуттық сабақ арқасында 30 минут босатылады. Яғни, қосымша сабақ қойылған кезде, оқушының мектепте болу уақыты бар болғаны 10 минутқа артады. Үлгілік оқу жоспарына келісілді ең жоғары оқу жүктемелігінің нормасы жалпы орта білім беру мектептерінің 1-11 сыныптарында 24-39 сағатты құрайды. Мысалы, екінші ауысым оқушыларының сабақтары сағат 14.10-да басталады. 3-4 сынып оқушыларының ең жоғары жүктемелігі 29 сағатты құрайды (4 күн 6 сабақтан, бір күн бес сабақ).
Ең жоғары жүктеме күні екінші ауысымның 3-4 сынып оқушыларында сабақтар сағат 18.55-те аяқталады. Оқушылардың ең жоғары оқу жүктемелігі ҚР БҒМ оқу жоспары негізінде жасап шығарылған, мектептің жұмыс жоспарымен анықталады. Бес күндік оқу аптасы режимінде сағаттар саны 1-2 сыныптарда 4-5 сабақтан, 3-4 сыныптарда 5-6 сабақтан, 5-7 сыныптарда 6-7 сабақтан, 8-11 сыныптарда 7-8 сабақтан болады.