Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 14–17 жас аралығындағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцинация жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 11 жастағы қыздарды жоспарлы вакцинациялау және 12–13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау жалғасып жатыр. 2026 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, республикада 11–13 жастағы қыздарға 398 мыңнан астам екпе салынған.
Вакцинация білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда ата-анасының не заңды өкілінің келісімімен жүргізіледі.