Оның сөзінше, аталған аудан әлемдегі қылмыс ең көп болатын астаналардың қатарында тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Maksut Narikbayev University және "Майн" сараптамалық орталығының зерттеулеріне сәйкес, Астанадағы барлық қылмыстың жартысынан көбі қала аумағының 3 пайызында болады. Олар – вокзал, іргелес орамдар, жеке сектор. Бұл "Сарыарқа" ауданы мен 16-округте қылмыс деңгейінің өте жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың зерттеулері мен қорытындысында барлық қылмыстың 50 пайызы Сарыарқа ауданындағы шектеулі аймақтарда жасалады, – деді халық қалаулысы.
Депутат мысал үшін 2024 жылдың статистикалық деректерді де жария етті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті қалада 17 339 қылмыс тіркелгенін мәлім еткен.
– Астана қаласындағы жалпы қылмыс саны мен қылмыс деңгейінің шоғырлануына қарасақ, бұл ауданда жылына 40 087 қылмыс жасалады. Қылмыстың түрі бойынша: Сарыарқа ауданында жыл сайын 35 адам өлтіру, 26 зорлау, 546 есірткі қылмысы тіркеледі. Демек, әр 10 күнде – бір адам өлімі, әр 15 күнде – бір зорлау, күніне 6 ұрлық, 2 есірткі қылмысы жасалады. Күн сайын бір тонау немесе бұзақылық болады. Бұл іс-қимылдары есебіндегі әскери мәліметтер сияқты. Crime ray халықаралық көрсеткіші бойынша 100 мың адамға шаққанда әлемдегі қылмыс жиі болатын 10 астананың ішінде мәселен, Каракаста – 3,5 мың, Преторияда 3,5 мың қылмыс жасалады. Сарыарқа ауданы әлемдегі қылмыс ең көп болатын астаналардың ішінде екінші орынды тұр, – деп нақтылағандай болды депутат.
Десе де, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттың деректерінің дұрыстығына күмән келтіріп және мұндайды жария еткенде абай болу керегін ескертті.
– Мұндай мәлімдемелерді өте сақ жасау керек және өз цифрларыңызды дәлелдеу қажет. Бізді Каракас және Венесуэламен салыстыру өте қиын. Сондықтан, депутаттарымызды әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді шаһар басшысы.
Тиісінше, Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шәукентаев ауданда қылмыс деңгейі төмен екенін айтты.
– Қылмыстың тіркелуіне келер болсам, жалпы аудан бойынша былтырмен салыстырғанда 12 пайызға төмендеу байқалады. Егер 2024 жылы 4 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен, – деді ол.
Жеңіс Қасымбек депутат айтқан деректерді тексеретінін, мән-жайды анықтайтынын жеткізді.
– Деректеріңізді қайдан алғаныңызды білмеймін, интернеттен ала салған шығарсыз. Меніңше, өте қате сауал болды. Маған ренжімеуіңізді өтінемін. 2025 жылы елордада қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендеуі байқалды. Өткен жылдың желтоқсанына қарағанда 26,7 пайызға азайды. Қазақстан бойынша да, әлемдік мегополистер рейтингінде де позициясы жақсарып келеді. Сондықтан бізді Каракаспен және басқаларымен салыстыру дұрыс емес. Осы жерде отырған бәріміз де – жауапкершілігі бар адамдармыз. Баспасөз отыр, тікелей эфир жүріп жатыр. Сөз сөйлегенде қисынды айтуларыңызды өтінемін. Ескерту жасай алмаймын. Бірақ, қала басшысы ретінде сіздерден соны өтінемін. Бізді адамдар естиді. Біз кез келген мәлімдемемізбен қоғамдық пікірді дүрліктіреміз. Қисынды әрі сенімді деректермен сөз сөйлеуді өтінемін, – деп ескертті елорда әкімі.