"Әр адам өмірден азапсыз өтуге құқылы": Депутат паллиативтік көмекке мұқтаж азаматтардың жанайқайын жеткізді

284

Елімізде 100 мыңнан астам адам паллиативтік көмекке мұқтаж. 

"Әр адам өмірден азапсыз өтуге құқылы": Депутат паллиативтік көмекке мұқтаж азаматтардың жанайқайын жеткізді Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Соңғы күндеріңізде ауырсынудан арылып, лайықты күтім алудың орнына жалғыз қалып, жан азабын кешіп жатқаныңызды елестетіңізші. Өкінішке қарай, бұл – паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандықтардың бүгінгі шындығы. Әрбір адам өмірден азапсыз, абыроймен өтуге құқылы. Паллиативтік көмек дәл осы құқықты әрбір қажет етушіге қамтамасыз ету үшін керек. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам, оның ішінде онкологиялық аурулардың соңғы сатысындағы науқастар, инсульттан кейінгі адамдар және жазылмайтын аурулары бар балалар осындай көмекке мұқтаж", – деп жазды депутат өзінің Телеграм арнасында.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұл салада мәселе жетерлік.

"Хоспистердің жетіспеушілігі, ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділіктің шектеулілігі, білікті мамандардың тапшылығы. Оның үстіне паллиативтік көмекке арналған қазіргі бюджеттегі тарифтер тым төмен, бұл шынайы қажеттіліктерді толық қамтуға жеткіліксіз. Осындай қиындықтарға қарамастан, келесі жылдың бюджет жобасында паллиативтік көмекті қаржыландыруды қысқарту ұсынысын көргенде, бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз екенін түсіндік. Біз, керісінше, қаржыландыруды 4 млрдқа дейін ұлғайтуға күш салдық, өйткені әрбір адам өмірінің соңғы күндерін азапсыз, құрметпен және тыныштықпен өткізуге лайық. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі емес, бұл – адамгершілік мәселесі", – деп атап өтті ол.

Мәжіліс депутаты паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін шұғыл түрде қайта қарауды ұсынды. 

"Денсаулық сақтау министрлігіне рақмет, бұл бастамамызды қолдап отыр. Бұл бағытта біраз жоспарлары да бар, сондықтан алдағы уақытта бірлесіп осы маңызды мәселені шешеміз деп сенеміз", – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу