"Әр кезеңде бюрократия": Асхат Аймағамбетов отандық фармацевтика саласындағы мәселені атады

251

Дәрі-дәрмектер дәріханаларға сатылу үшін олар сараптамадан өтуі тиіс. 

"Әр кезеңде бюрократия": Асхат Аймағамбетов отандық фармацевтика саласындағы мәселені атады Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов отандық препараттардың жетіспеушілігі мен дәрілердің қымбат бағасы туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

Депутат қарапайым қазақстандықтың өмірінен мысал келтірді.

"Раушан есімді азаматша. 42 жаста. Оның өмірі баяу сөніп барады. Ем жоқтығынан емес, емге шипа болатын дәрі ұлттық дәрілік формулярда тіркелмегендіктен, дәрі 7 жылдан бері жаңартылмаған емдеу хаттамасына енгізілмегендіктен, тіпті сатып алайын десе де, елде рұқсат етілген тізімде жоқ. Оның өмірі үшін күресі – бюрократиямен күрес. Тағы қаншама осындай Раушандар біздің көмегімізді күтіп отыр. Бүгінгі талқылауымыздың өзегі осы. Бұл әңгіме баласына дәрі іздеп сандалған ананың өмірі туралы, бағасы удай қымбат болғандықтан, дәрісін ала алмаған зейнеткер туралы, ескірген емдеу хаттамаларымен мәжбүр дәрігерлердің тірлігі туралы. Отандық препараттардың жетіспеушілігі, дәрілердің қымбат бағасы туралы", - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Сөзінше, Жоғары аудиторлық палатаның есебі еліміздегі фармацияның шынайы рентгені болып отыр.

Мәжілісмен фармацевтика саласының "жағымсыз диагноздарына" тоқталды.

"Дәрі-дәрмектерге қолжетімділік. Дәрі-дәрмектер дәріханаларға сатылу үшін олар ең алдымен Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы сараптамадан, сосын тіркеуден өтуі керек. Аудит не көрсетті? Норматив бойынша тіркеу мерзімі – 210 күн. Алайда біреулер үшін бұл мерзім 1275 күнге созылса, ал осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін өте жылдам. 25-ақ күнде аяқталып, рәсім өткізілді. 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу фактілері анықталды. Жалпы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы нағыз саяхатшылар клубы сияқты. Оның қызметкерлері дәрілерді тізімге енгізу үшін зауыттарды көру сылтауымен шетелге баруда. Әрине, барлық жайлы саяхат шығындары фармация компаниясының есебінен төленеді, бұл саяхаттар бірақ не беретіні түсініксіз", - деді ол.

Асхат Аймағамбетов дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтты.

"Әрине, мұндай қиындықтардан өту тек алпауыт фармацевтикалық компаниялар мен қымбат препараттар үшін мүмкін. Нәтижесінде арзан, бірақ науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады. Нарықта жоқ, өйткені ол үшін жүгіретін ынта да жоқ, қызығушылық та жоқ. Мысалы, Қазақстанда Пенициллиннің ішетін түрі тіркелмегенін фармакологтар айтуда. Өйткені ол тым арзан. Ешкім өтінім бермейді дейді сарапшылар. Дәл осындай жағдай көптеген базалық дәрілер бойынша қайталанады. Олар тізімде жоқ, сондықтан біз оларды қолданып, емделе алмаймыз. Олар арзандылығына байланысты индустрияға қызық емес деп те айтуға болады. Тіркеу ол бір саты. Ал енді науқастарды дәрімен тегін қамту үшін ұлттық формулярға енгізілу керек, Бірақ бұл да жеткіліксіз. Емдеу үшін дәріні қолданам десең, ол клиникалық хаттамадан өтуі керек. Әр кезеңде кедергілер, әр кезеңде бюрократия", - деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу