Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шомылу маусымының басталуымен суға батып қайтыс болғандардың 15 пайызы немесе 10 жағдай рұқсат етілген, 85 пайызы немесе 54 жағдай рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су көздерінде орын алып отыр. Осы тұрғыда тағы да халықтың назарын аударғымыз келеді. Су айдындарында өздеріңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін рұқсат етілген, қауіпсіз орындарда демалуға шақырамыз", - деді Ақылбек Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Спикердің дерегінше, елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар. Оларды азаматтар шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланады.
"Онда әкімдіктердің шешімдерімен бекітілген 708 рұқсат етілген жаппай демалыс, туризм және спорт орындары жабдықталды. Оның ішінде 167-сі коммуналдық және 425-сі жеке жағажайлар, қалған 116 спорт және туристік мақсаттарға арналған. Барлық коммуналдық жағажайларға кіру тегін. Атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Дей тұрғанмен, әрбір құрғақ статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылда екі мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр", - деді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары.