"Әр трансформатор иесі жарықты ойына келген бағамен сатады": Депутат мәселе көтерді

253

Еліміздегі электр нарығы қалай бақыланады? 

"Әр трансформатор иесі жарықты ойына келген бағамен сатады": Депутат мәселе көтерді Фото: stroidomik.ru

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов энергетика саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Еліміздегі энергетика саласын кім көрінген жеке басына пайдаланатын болды. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында жекеменшік 160-тан астам подстанция бар екен. Әр трансформатор иесі жарықты ойына келген бағамен сатады. Бір киловатт құны – 28 теңге мен 47 теңге аралығында. Қит етсе "жарықты өшіремін" деп қоқаңдайды. Неліктен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатқа бақылау жүргізілмейді? Жекеменшік иелері трансформаторларға техникалық шарттарды, инженерлік желілерді жүргізуге қалай рұқсат алған? Желілер заңдылығын кім тексереді? Электр қуатына қосылу құны 350 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін және одан жоғары екен", - деді мәжілісмен.

Депутат жергілікті электр нарығы және негізделген шығындар мен кірістер пайызы неге тексерілмейді деп сұрады.

"Электр нарығы бақыланбайды. Бұл электр қуатын ұрлау, жатыпішер делдалдық емес пе? Кейбір жекеменшік иелері заңнан жалтарып, ауылда тұтынушы кооперативін ашып, жарық сатуда. Мұны қалай түсінуге болады?", - деді Данияр Қасқарауов Мәжілістің жалпы отырысында.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұндай мәселе бар екенін мойындады.

"Шынында да, осыған дейін өңірлерде жекеменшік кәсіпорындар жекелеген подстанциялар салған. Олар меншік иелері болғандықтан, бұл подстанцияларда бос электр қуаттарына қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Олар реттелмейді, яғни баға келісімшартқа сай болады, осыған байланысты белгілі бір қарама-қайшылықтар бар. Себебі тұтынушыларда басқа көздерден электр энергиясын алатындай балама жоқ. Қазір осындай активтерді бұл иелерден өңірлік жергілікті электр желілік компанияларға беру бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай прецеденттер бар. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия осыған ұқсас шешімдерді қабылдаған", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу