Қарағанды облысында су тасқынына дайындық басталып кетті

127

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық барысында 180-ге жуық іс-шара орындалды. 

Қарағанды облысында су тасқынына дайындық басталып кетті Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды және бекітілді, 26 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, сондай-ақ 18 километрден астам өзен арналарына санация жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Автожолдардың 75 учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды. Жанар-жағармай және инертті материалдар, қаптар мен азық-түлік қоры құрылды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы жауапты ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері баяндады.

– 1 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдары жоғары әзірлікке келтіріледі. Бұл ТЖМ бөлімшелерін, әскери қолбасшылық органдарын және полиция департаментінің жеке құрамынан 4 125 адам және 1 754 бірлік техника – дейді ТЖ департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев. 

Бүгінгі таңда жағдай тұрақты: өзендер қысқы режимде, қар деңгейі облыс аумағын 100% қамтиды. Судың толып кетуiн болдырмау үшiн Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан суды санитарлық ағызу жүргiзiледi.

Қазгидрометтің мәліметінше, қардағы су қоры Нұра өзені бойынша нормадан асып түседі, бірақ Шерубай-Нұра мен Тоқырауын бойынша нормаға жақын қалып отыр. Топырақтың қату тереңдігі өткен жылғы көрсеткіштен аз, бұл су басу қаупін төмендетеді.

– Туындауы мүмкін кез келген тәуекелдер егжей-тегжейлі пысықталуы тиіс. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Бізде іс-шаралар жоспары бар және ол бойынша су тасқыны кезінде облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қызметтер нақты жұмыс істеуі тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу