Араб елдеріне қой етінің экспорты ұлғаяды

624

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда құрылатын "Қой шаруашылығын дамыту қоры" жұмысына араб кәсіпкерлерін қатыстыру мүмкіндігін қарастыруда. 

Араб елдеріне қой етінің экспорты ұлғаяды Фото: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров пен арабтың "Al-Reef Al-Tholathy" компаниясының атқарушы директоры Мұхаммед Нассер Алмукейриш азық-түлік өндіретін ірі компаниялардың бірімен ынтымақтастық келешегін талқылады, деп жазады inbusiness.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

"Араб кәсіпкерлерінің Қазақстанда құрылатын "Қой шаруашылығын дамыту қоры" жұмысына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.  Жоба қазақстандық қой мен қозыны араб мемлекеттеріне, бірінші кезекте Парсы шығанағы елдеріне жеткізуге ықпал ететін болады. Өндірілген қаражатты одан әрі қой өсірумен айналысатын отандық фермерлерді қаржыландыру үшін пайдалану жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобаға инвесторларды тарту бойынша жұмыс басталды. Сауд Арабиясының қарқынды дамып келе жатқан компанияларының бірі саналатын және өз нарығын жоғары сапалы салқындатылған етпен қамтамасыз етумен айналысатын "Al-Reef Al-Tholathy" компаниясы әлеуетті серіктес бола алады", делінген ақпаратта.

2022 жылғы 9 ай ішінде еліміз 29,7 мың тонна ет, оның ішінде 6,7 мың тонна қой еті экспорттады.  Қой еті негізінен Өзбекстан, БАӘ, Кувейт, Оман және Бахрейн мемлекеттеріне жөнелтілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық қой етін өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге және өндірісті ұлғайтуға одан әрі ықпал ететін болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу