Бұған дейін АҚШ президенті бірнеше мәрте қиранды қалада қалған палестиналықтарды араб елдеріне көшіруді ұсынған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәл осы жайтқа қарсы Араб мемлекеттері лигасы да өз үнін естіртті. Олар Газаны қалпына келтіру бойынша балама жоспар ұсынып отыр.
Каирде өткен Араб мемлекеттері лигасының саммитінде араб елдерінің басшылары Газа секторын тұрғындарды көшірусіз-ақ қалпына келтіру жоспарын талқылаған. Саммиттің қорытынды жобасы Египеттің Газа секторын реттеу жоспарын қамтиды және барлық Палестина аумағында бір жыл ішінде сайлау өткізуді көздейді.
Лидерлер халықаралық қауымдастық пен қаржы институттарын Газа секторын қолдауға шақырған. БҰҰ бағалауынша, анклавты қалпына келтіру құны 50 миллиард доллардан асады.
Еске салайық, бұл жоспар АҚШ президентінің жобасына қарсы ұсынылып жатыр. Дональд Трамп өз кезегінде Газаны "Таяу Шығыс Ривьерасына" айналдыруға уәде бергенімен, 2 миллионнан астам палестиналықты араб елдеріне көшіруді құп көрген болатын.