Араға бір жыл салып кинотеатрлар қайта ашылады

1043

Павлодар облысында карантин талаптары жеңілдетілді.

Араға бір жыл салып кинотеатрлар қайта ашылады

17 қаңтардан бастап "қызыл аймақта" болған Павлодар облысы 20 ақпан күні "сары аймаққа" оралды. Соған байланысты өңірдегі күшейтілген карантин шаралары біршама жеңілдетілді. Бүгін облыстың Бас санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысы шықты. Ол 28 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Жаңа Қаулыға сәйкес, бір жыл бойы есігі тарс жабық тұрған кинотеатрлар қайтадан көрермендерді қабылдай алады. Тек келушілердің саны кинотеатрдағы орынның 20%-ынан аспауға тиіс. Театрларға да дәл осындай талап қойылып отыр.

Сонымен қатар, өткен жылдың наурыз айынан бастап бірінші рет сауда үйлері, фитнес клубтары мен қоғамдық көліктердің қызмет ету күндері, уақытына байланысты шектеу қойылған жоқ.

Бұған дейін карантин талаптары сан құбылған еді. Өткен жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында ірі сауда орталықтары мүлде жұмыс істеген жоқ. Кейін олардың жұмыс күндері, одан соң сенбі күні де сатып алушыларды қабылдауына рұқсат берілді. Осы жылдың басында "қызыл аймаққа" кіргелі сауда орындары сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеген жоқ.

Фитнес-орталықтар, сауналар, бассейндерге қатысты да осындай талаптар болған еді. Ал 28 ақпаннан бастап бұл мекемелер пандемияға дейінгі жұмыс режиміне қайта орала алады.

Сонымен қатар, қала, облыс ішіндегі автобустардың қатынауына жол ашылды. "Қызыл аймақта" болған кезде қала ішіндегі қоғамдық көліктер жолаушыларды тек жұмыс күндері тасымалдаса, ауданаралық автобустар мүлде жолға шықпаған еді. Енді оларға қатысты шектеу де алынып тасталды.

"Карантин шаралары жеңілдетілгенімен босаңсуға әлі ерте. Себебі облыстың тек үш ауданы "жасыл аймақта" тұр. Төрт аудан "сары", алты аудан-қала әлі "қызыл аймақта". Сондықтан жұмыс істеуге рұқсат берілген мекемелер де, тұрғындар да барлық санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтауы тиіс", - дейді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу