Арал балығы 8 елге экспортталды

333

Қызылорда облысында биылғы жылдың алғашқы үш айында 1493,7 тонна балық ауланды. 

Арал балығы 8 елге экспортталды Фото: gov.kz

Оның 93 пайызы Кіші Арал теңізінен жеткізілген. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Осы мерзім ішінде 1 193,4 тонна балық өнімі шетелге жөнелтілген. Арал балығы бүгінде Германия, Литва, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Қытай, Ресей және Өзбекстан секілді 8 мемлекетке экспортталып отыр. Өңірде жұмыс істеп тұрған 11 балық өңдеу зауытының төртеуі Еуропалық одақ елдеріне өнім жөнелтуге лицензия алған. Экспортқа негізінен тыран, торта, алабұға, шортан және көксерке жіберіледі.

— Қазір облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және 201 көл балық шаруашылығы үшін маңызға ие. Оның ішінде Кіші Арал толықтай, ал 164 көл табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде жалға берілген. Қалған 37 көл резервтік қорда тұр, — делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Аймақта көл-тауарлы балық шаруашылығының саны 80-ге жуықтады. Биыл балық өсірушілерге қолдау ретінде облыстық бюджеттен балық жемі шығындарының 30%-ын өтеу үшін 10,1 млн теңге көлемінде субсидия бөлінді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Сырдария өзені, барлық су айдындары мен Кіші Арал теңізінде көктемгі уылдырық шашу және көбею кезеңіне байланысты балық аулауға уақытша шектеу енгізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу