Арал қаласында жаңа теміржол вокзалы салынып жатыр

357

Облыс әкімі құрылыс барысын қарап, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.  

Арал қаласында жаңа теміржол вокзалы салынып жатыр Фото: gov.kz

Арал қаласында жаңа теміржол вокзалының құрылысы жалғасуда. Нысанның жұмыс барысымен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары арнайы барып танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі 124 вокзалды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарламаға Қызылорда облысының барлық аудан орталықтарындағы вокзалдармен қатар Төретам, Сексеуіл станцияларындағы және Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасы да енгізілген. Бұған дейін өңірдегі барлық теміржол вокзалдарын жаңарту бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, ескі нысандарды жаңғырту қажеттігі негізделген болатын. Себебі кейбір вокзал ғимараттарының салынғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен.

"Арал теңізі" теміржол вокзалының құрылысы өткен жылы басталған. Жобаға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Бас мердігер – "Техоснастка-Ремсервис" ЖШС. Жаңа вокзалдың жалпы аумағы 459,47 шаршы метр, биіктігі 4,2 метрді құрайды.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында металл конструкцияларын монтаждау, ішкі әрлеу жұмыстары және сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 25 жұмысшы еңбек етуде.

Жаңа вокзал аудан тұрғындары мен жолаушыларға қолайлы қызмет көрсететін, сондай-ақ Арал қаласының сәулеттік келбетін айқындайтын заманауи нысан болмақ.

Облыс әкімі құрылыс барысымен танысу кезінде жауапты сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстауды және нысанды белгіленген мерзімде аяқтап, уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу