Осыған дейін inbusiness.kz сайтының тілшісі Аралды толтырудың ең тиімді тәсілі анықталғанын кең көлемде жазған еді.
Көктемгі су тасқыны кезінде Есіл өзенінен артылған суды Торғай өзені арқылы Аралға бағыттау үшін жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын үш канал салынуы ықтимал.
Қазір арнайы консультативтік орган осы жобаның қаншалықты тиімді екенін зерттеп те жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауабында айтқан.
– "Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін қалпына келтіру және су тасқынын басқару жөніндегі халықаралық қоры" корпоративтік қорының тапсырысы бойынша "Есіл өзенінің орта ағысындағы су тасқынын басқару және ағынның бір бөлігін Торғай өзені мен Арал теңізі бассейніне бұру" жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жобаға кіретін құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны 324,4 млрд теңге болады, – деді ол.
Жоба аясында 3 учаскеден тұратын каналдың құрылысы қарастырылған:
"Есіл-Торғай" – ұзындығы 42 шақырым;
"Қарақол-Сарыөзен" – ұзындығы 52 шақырым;
"Шалқартеңіз-Арал" – ұзындығы 183 шақырым.
Қанат Бозымбаевтың сөзінше, бұл – әжептәуір қаржыны талап ететін жұмыс. Қазіргі уақытта жоба тиімділігі жан-жақты қаралып жатқан көрінеді.
– Аталған жобаны іске асыру айтарлықтай қаржылық шығындарды қажет ететінін атап өткен жөн. Жоба Есіл өзені бассейніндегі тасқын суларды Торғай өзені бассейніне бұруды қарастырады. Бұл Шалқар-Теңіз көлінің гидрологиялық режимін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі суды бассейндер арасында қайта бөлу мәселелерін кешенді зерттеп жатыр. Жоба материалдары министрлік жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің қарауына ұсынылады. Ғылыми-техникалық кеңестің ұсыныстары мен қорытындылары негізінде Үкімет жобаны әрі қарай іске асырудың орындылығы туралы шешім қабылдайды, – делінген Премьер-министрдің орынбасары келтірген жауапта.