Арал теңізін қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

241

Аралдың құрғаған табанына сексеуіл егу жұмыстары жалғасуда.

Арал теңізін қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Фото: gov.kz

2028 жылы Кіші Аралдың жобалық көлемін 27 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспары бар. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор Наурызбай Байқадамов жауапты министрлік өкілдерінен Арал өңірі мәселесін жақсарту мақсатында қандай іс-шаралар іске асырылатынын сұрады.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың сөзінше, 2021 жылдан бастап бүгінге дейін 413 мың гектар сексеуіл отырғызылды. 

"Сол жұмысқа 6 млрд теңгеден астам ақша бөлінген. Жартысы республикалық бюджеттен бөлінді. 2024 жыл бойынша 64 мың гектар сексеуіл отырғызылды. Соның ішінде 15 мың гектар "Қазмұнайгаз" компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асырылды. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жаңа питомник салынды. Сол питомник жыл сайын 3 млн көшет береді. Арал теңізінің құрғаған түбінде жаңа питомник салынайын деп жатыр. Бұл өте жақсы көшеттерді береді", – деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысында.

Осы тұста Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Кіші Аралдың суын ұстап тұру үшін қандай жұмыстар жасалынатынын нақтылады.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Кіші Аралды сақтап қалу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 

"Оның ішінде Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 2025 жылы іске қосылады. Солтүстік Аралды қалпына келтірудің екінші кезең жобасы Дүниежүзілік банк арқылы бөлінген грант есебінен техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Қазір мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Осы жылдың аяғына дейін оң қорытынды алуды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы Кіші Аралдың көлемі 18 млрд текше метрге дейін азайып кеткен болатын. Атқарылған шаралардың нәтижесінде бүгінде оның көлемі 22 млрд текше метрді құрап отыр. Жоспарымыз – 2028 жылы Кіші Аралдың жобалық көлемін 27 млрд текше метрге дейін жеткізу", – деді Нұрлан Алдамжаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу