Арал теңізінде су деңгейі қайта көтеріле бастады

10201

Министрлік су деңгейіне байланысты түсінік берді.

Арал теңізінде су деңгейі қайта көтеріле бастады Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, көктемдегі су тасқыны кезінде еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Су тасқыны кезінде еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге артық. Жиналған судың 12 млрд-тан астамы көлемі тасқын суға тиесілі. Қазіргі кезде Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлерінің су қоймалары 80 пайызға толы", - деді М. Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, вегетацияға дайындық аясында министрлік қызметкерлері жүзден астам су бекетін жөндеп, қалпына келтірді, 700 шақырымнан астам каналды тазартты. Сондай-ақ еліміздің 11 өңірінде 98 гидротехникалық құрылыс нысаны жөнделді.

"Су дипломатиясының және көрші елдермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде министрлік Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қажет су мөлшерімен қамтамасыз етті. Биыл суару маусымында көрші елдерден келетін судың көлемі бастапқыда келісілген көлемнен артық болғанын атап өткім келеді. Осының арқасында біз Арал теңізіне су жіберу көлемін арттырдық. Биыл Солтүстік Аралға шамамен екі млрд текше метр су жіберілді, ал теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті. Кейінгі жылдары Солтүстік Аралда су көлемі азайғанымен, 2024 жылдың басынан орташа су деңгейі қайта көтеріле бастады", - деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның қатысуымен өтетін Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі жасалады, сондай-ақ келер жылғы суару маусымына дейінгі кезеңінде су беру көлемі бекітіледі.

"Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі мен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Сырдария өзенінде суды автоматты есепке алу жүйесі орнатылатын 10 су бекетін анықтады. Бұл трансшекаралық су ресурстарын дәл бөлуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Құжатты екі мемлекеттің мамандары кіретін бірлескен жұмыс тобы әзірлеп отыр. Келісім жасаудағы негізгі мақсат – Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің келуін қамтамасыз ету", - деді Мөлдір Әбдуалиева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу