Биылдың өзінде Қызылордада 200 миллион текше метрге жуық су үнемделіп, Арал теңізіне жіберілген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Қазсушар" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев теңізге өткен жылға қарағанда 3 есе көп судың жіберілгенін айтып отыр.
– Биыл облыс шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 млн текше метрге жуық суды үнемдеді. Бұл су Арал теңізіне жіберілді. Осы жылы өңірдің диқандары 55 мың гектар күріш алқабына лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізді. Облыс бойынша күріш алқабының жалпы ауданы 84 мың гектарды құрады. Осылайша, биылғы жылғы суару маусымында теңізге шамамен 1 млрд текше метр су жіберілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп болып отыр. "Шардара" су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына вегетациялық кезеңде жоспарға сәйкес келетін су көлемі 500-550 м³/с болып белгіленсе, нақты 600-650 м³/с-қа дейін су түсті, – деді ол.
Облыста егістікке су алу кезеңіне дейін 73,4 шақырымды құрайтын 22 каналға механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 605 мың м3 топырақ шығарылған. Сонымен қатар, 19 дана гидротехникалық құрылымды ағымдағы жөндеу және қажеттілікке байланысты 31 дана су өлшеу бекетін қалпына келтіру толық орындалып отыр.