Арал теңізінің құрғап қалған бөлігіне ағаштар егіле бастады. Бұл жұмысты Қазақстан және Оңтүстік Кореяның ғалымдары бірлесіп атқаруда. Сеулде өткен Азияның орман саласындағы ынтымақтастық ұйымының бірінші ассамблеясында осы бірегей жоба туралы айтылды, деп хабарлайды 24.kz.
Қазақстан бұл ұйымды құрған Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты артттырып, ұйымның толыққанды мүшесі болуға ниетті. Мұның арқасында Қазақ елі орман шаруашылығын дамытып, елдегі жасыл алқаптардың санын арттыруды көздейді.
Кореяның орман қызметі арнайы тракторлар алуға қол ұшын созып, қазақстандық әріптестерімен 4 жыл бойы топырақты құнартқан. Нәтижесінде Қазалы мен Аралдың 2 мың гектардай жерінде сексеуіл өсірілетін болды. Оның тең жартысы биыл отырғызылса, қалғаны келер жылдың көтеміне қалдырылды.
Осыдан 65 жыл бұрын, қос корея арасында болған соғыстың кесірінен Оңтүстік Кореяда 6 миллион 700 мың гектар орман жойылды. Бұл елдегі жасыл желектің үштен бір бөлігі. Үш жылдың ішінде билік шұғыл шара қолданып, елде орман қызметін құрды.