Арал теңізінің табаны орманды алқапқа айналуға жақын

Бұл жұмысқа енді елдегі алпауыт компаниялар мен танымал кәсіпкерлер де жұмылдырылмақ. 

Арал теңізінің табаны орманды алқапқа айналуға жақын Фото: Бағдат Есжанов

Бүгінгі күнге дейін теңіздің құрғаған ұлтанына 15 миллионнан аса сексеуіл көшеті егілген.

Мамандар "100 көшеттің 30-ы көктесе, соның өзі – айтарлықтай нәтиже" деп отыр.

Жалпы, Қызылорда облысындағы орманды алқаптың 80 пайызынан астамын сексеуіл ағашы құрайды.

Inbusiness.kz тілшісі жыл басында "Арал теңізі ұлтанынан ауаға неше миллион тонна тұз бен құм ұшады?" деген тақырыпта мақала жариялаған болатын.

Өркениетті елдер де Аралға араша болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арал теңізі табанына 1,1 миллион гектар сексеуіл екпесін егу жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Республикалық және Қызылорда облысының бюджеті есебінен 2021 жылы – 101 мың гектар, 2022 жылы – 250 мың гектар, 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілген.

Сексеуіл – шөлге бірден бір төзімді өсімдік. Бір түп сексеуілдің өзі тонналаған құм көшкінін ұстайтындығы дәлелденген. Бұл жұмыстардың барлығы – мемлекет басшысы тарапынан аймағымыздың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған іргелі тірлік.

Алдағы уақытта да Президенттің, облыс әкімінің қолдауымен кешенді шаралар жалғасатын болады. Жақын күндері облыс басшысының арнайы шақыруымен ауданымызға Еуро Одақтың 20-дан астам елінің елшісі келмек. Мақсат – өркениетті елдердің меценаттары мен инвесторларын Аралды арашалау жұмысына тарту. Әлем назары Аралға қайта бұрылды. Тек сәтті болсын! – дейді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев.

Сексеуіл көшетін егу – құрғаған теңіз табанындағы құм мен тұздың шаң болып ұшуын тоқтату үшін атқарылып жатқан жұмыс. Жылына Арал теңізінен ауаға 100 миллион тоннадан тұз бен құм ұшатыны анықталған.

Теңіз табанына 15,3 миллион дана көшет егілген

Жалпы, 2024-2025 жылдар аралығында 556,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге құрғаған ұлтанның 51,6 мың гектарына 15,3 миллион дана көшет егілген. Егер көшеттің шығымдылығы жақсы болса, экологиялық жағдай да оңалып, теңіз табаны орманды алқапқа айнала бастайды.

Теңіз табаны жасыл желекке айналса, шаң мен тұздың көкке көтерілуіне тосқауыл болып, жан-жануарларға қолайлы жағдай туындайды. Фитоалуандылық орнайды.

Бір түп сексеуіл төрт тоннадан астам құмның көшуін тоқтата алады. "15 мың гектар сексеуіл екпесі жеті жылда 15 мың тонна құм, шаң мен тұздың көкке көтерілуіне тосқауыл болады" дейді мамандар. Жобаның маңыздылығын осы деректерден аңғаруға болатындай. Балта мен араның жүзі өтпейтін сексеуіл ағашы шөлге төзімді. Тіршіліктің түрленуіне пайдасы орасан, - дейді журналист Нұрлан Жақыпбеков.

Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін Қызылорда облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе, теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына да 58,4 миллион теңге қаралып отыр.

Табиғат тепе-теңдігі сақталсын десек...

Теңіз табанына сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тауып жатыр. Себебі, сексеуіл құрғақшылыққа төзімді, суды аз қажет етеді. Десе де, мамандар сексеуілді суаруса шығымдылығы ұлғаятынын да айтуда. Сексеуіл көшетін тереңге тамыр жайса, табиғаттың тепе-теңдігі сақталатыны да белгілі.

"Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі жүргізілуде. Өңір үшін маңызды мәселемен белгілі кәсіпкер, меценат Т.Турлов арнайы танысып, 2 миллион АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдады.

Бұл бағыттағы жұмыстарға іссапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ компаниясы да 500 миллион теңге бөлетін болды", - деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етіп жатыр. Сондай-ақ, жаһандық мәселеге басқа да халықаралық ұйымдар ықпал етіп, ынтымақтаса жұмыс істеуде. Себебі тағы белгілі, Арал проблемасы әлемдік мәселеге айналғалы қашан!?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу