Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер Арал теңізін сақтап қалу бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұрады.
"Бүгін 2021 жылдан бастап атқарылған жұмысқа шамамен 6 млрд жұмсалғанын айтып өттім. Оның ішінде жартысы республикалық бюджет есебінен бөлінді. Бұл қаражат техниканы сатып алуға, егу жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Сексеуіл көшетін егу жұмыстарына еріктілер мен студенттер неге тартылады деген сұрағыңызға келсек, олай емес. Кез келген адам бұл шараға қатыса алады. Біздің тараптан техниканы сатып алу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бұл техника жұмыстарды жетілдіруге және оны тездетуге мүмкіндік береді", – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі.
Вице-министрдің сөзінше, егіліп жатқан көшеттер Арал теңізінің түбіндегі жағдайға бейімделген. Бұдан басқа Арал теңізінің түбінде питомник салу жоспарланып отырғанын жеткізді.