Қызылорда облысының Арал қаласында жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін жаңа зауыттың ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Өңір басшысы жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін беретінін атап өтті.
"Тоғыс – Аралотын" серіктестігі жүзеге асырған жобаның құны – 1,8 млрд теңге. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 40 мың тонна жоғары сұрыпты ас тұзын құрайды. Кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жоба аясында мемлекет тарапынан 4 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған. Өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар, көршілес мемлекеттерге де экспортталады.
Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және зауыттың іске қосылуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.