Аралдағы қуаңшылықтан мал қырылды

3356

  Сегіз ауылда малдардың өлу дерегі тіркелді.  

Аралдағы қуаңшылықтан мал қырылды

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында қуаңшылықтан төрт түлік мал қырылып жатыр. Аманөткелдік Мақсұт Ералиев қуаңшылықты Сырдариядағы сумен байланыстырады.

"Қамбашы бар басқа да он шақты көл былтырдан бері тартылып кетті. Су болмағасын шөп шықпай, жұтқа ұшырадық. Шөліркеген мал батпаққа батып, өліп жатыр. Су қайтып кеткесін балықта жоқ. Оны айтасыз тартылған көлдердің сасық иісі мұрын жарады", – деді шаруа.

Арал ауданындағы ірі су айдындары Лай көл, Саркөл, Қамбаш көлдері тартылып айналасы балшыққа айналған. Қаталаған мал су ішемін деп ұйыққа батып, көл жағасында өлексе көбейген.

Қуаңшылықтың кесірінен көтерем малға жем-шөп тасып беруді мемлекет мойнына алды. Кеше 116 тонна жоңышқа шөбі жеткізілді, алда тағы да 518 тонна мал азығы жіберілмек. Сондай-ақ жергілікті билік Ақтөбе облысының аудандарымен де келісімдер жасауда. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев айтты.

"Табиғи жағдайлардың салдарынан ауданда қуаңшылық орын алды. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қосымша падамен қамтамасыз етілуде. Қазір мал өлімі жоқ, - деді әкім орынбасары.

Қазіргі таңда ветеринария мамандары мен арнайы зертханашыларда Аралдағы елді мекендерді аралап, өлген малдардан сынамалар алуда.

"Сегіз ауылда малдардың өлу фактісі тіркелді. Зерделеу жүргізіліп, сынама алынуда. Зертхана мамандары 6 бас жылқыдан гастрофилез ауруына, 6 бас мүйізді ірі қарадан паренхиматозды ауруына талдамалар алды", - деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.

Малдардан бөлек аудан маңындағы дария мен суаттардан да сынама алынған. Сараптама қорытындысына сәйкес төрт түліктің өлу фактісі неден  болғаны анықталып, тиісті шаралар қабылданбақ.

Ауылдық округ әкімдері де ерікті жастардан арнайы топ жасақтап, малдардың ұйыққа батып қалмауын қадағалауды жүргізуде.

Өңірде мал азығы шығының субсидияландыру да іске қосылған. Мәселен өткен жылы оған облыстық бюджеттен 730 млн. теңге бөлініп, 588 шаруашылық қаржыны иеленген. Оның 42-сі аралдық шаруалар.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу