Аралдағы теміржол өткеліне көпір салу 2021 жылға қалды

3105

Әзірге аудан бюджетінен аспалы көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға 9,8 млн теңге бөлу жоспарлануда. 

Аралдағы теміржол өткеліне көпір салу 2021 жылға қалды

Арал ауданы тұрғындарының он жылдан бері басты мәселесіне айналған теміржол өткеліне енді көпір түспек. Бастысы, жұмыстың алғы шарттары жасалған. Әзірге аудан бюджетінен аспалы көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға 9,8 млн теңге бөлу жоспарлануда. Бұл туралы Арал ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев мәлімдеді.

"Жоба бойынша 2021 жылдың соңына қарай нәтиже болады. Себебі, зерттеу-зерделеу, қаржысын бөлу, құрылыс жүргізетін мердігерді анықтау процестерін есептегенде, аталған уақытты меже деп санап отырмыз", – деді бөлім басшысы.

Өткел мәселесі айтылғалы он жылдан асқан. Тұрғындардың айтуынша "қанды өткел" аталып кеткен қаладағы жалғыз теміржол өткелінен күніне он мыңдаған көлік өтеді. Оларда Алматы облысындағы жантүршігерлік оқиға қайталана ма деген қауіп бар.

Бөлім басшысы Амантай Тасқынбаев, бұл жұмысты қолға алғалы жылдан асқанын айтады.

"Ең бірінші, депутаттарымыздың құлағына салдық. Одан соң, арнайы Нұр-Сұлтан қаласына барып, "Қазақстан темір жолы" ҰК" акционерлік қоғамынан рұқсат (техникалық шарт) алынды. "Көпір салу – күрке салу емес", оның барлық экономикалық-техникалық, тіпті әлеуметтік параметрлерін қарастыруымыз керек. Мамандардың қатысуымен көпір салынатын жерге алдын-ала зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тиімді болып саналатын 3 жер учаскесі таңдалды. Бірінші нұсқа – 2368 ПК5 пикет ол Пролетарская көшесінің арғы жағы, екінші нұсқа – 2369 ПК1 және ПК8 пикеттері бұл "Қарлығаш" балабақшасынан темір жолға қарай түсетін учаске", – дейді ол.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу