Әрі бұл жағдай бірінші рет емес. Бұған дейін де жергілікті әкімдік акционерлік қоғамның мәселесін "майшаммен қараған" деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Аралтұз" жұмысшыларының жалақысын кешіктіруі Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен өткен отырыста сөз болған.
Жиынға "Аралтұз" АҚ өкілдері, құқық қорғау органдарының және дербес бөлім басшылары мен кент әкімі қатысқан.
Аудан әкімі жалақының уақытылы төленбегендігінен туындаған мәселенің бүгінде қалыпты жағдайға айналғанын айтады:
"Осы жылдың 20 қарашасында кәсіпорын қызметкерлері зауыттың жұмысын тоқтатты. Бұған дейін де, бірнеше рет "Аралтұз" АҚ-ның жұмысшылары тарапынан жалақыға байланысты түрлі мәселе көтеріліп келеді. Аудандық әлеуметтік-әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия отырысында "Аралтұз" АҚ тарапынан осы жылы зауыттың жұмысшы-қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерін аудармауына байланысты мәселе қаралған болатын. Бұдан шығар ешбір мардымды нәтиже жоқ. Қалыптасқан жағдай әлі сол күйінде қалып отыр. Қаншама отбасы осы жалақымен өзінің жанұясын асырап келеді. Еңбектің өтеуі міндетті түрде болуы тиіс", - деп аудан әкімі жауаптыларға қатаң ескерту жасап, шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырма берді.
"Аралтұз" АҚ-ның зауыт директоры А.Жакпаров мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысып, атқарылған жұмыстарды баяндаса, аудан әкімі жауаптыларға қараша, желтоқсан айларының жалақысының уақытылы төленуін қамтамасыз етуді шегелеп тапсырды. Сонымен қатар, зауыттың жұмысшы қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерінің уақытылы аударылуы да сөз болды.