"Аралтұз" жұмысшыларының мәселесі шешімін тапты

2263

Қыркүйек айының 1-нен бастап жұмысшылар жалақысы 12,5%-ға, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да 10 %-ға көтеруге қатысты шешім қабылданды. 

"Аралтұз" жұмысшыларының мәселесі шешімін тапты

Осыдан бір ай бұрын "Аралтұз" жұмысшылары жалақыны көтеру, жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы жұмыс киімдермен қамтылу қажеттілігі турасында компания басшылығына жазбаша хат жолдаған еді. Өтініштері басқарушы тарапынан ескерусіз қалғасын жұмысшылар қыркүйек айның басынан бастап жұмыстарын тоқтатып, арты наразылыққа ұласты.

Орын алған жағдайға Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов пен "Аралтұз" АҚ Президентінің кеңесшісі А.Тауасаров алдағы 10 күн мерзімде жұмысшылар жалақысын көтеру мәселесін қарастырып, нақты жауабын беретіндігін жеткізді. Кездесу қорытындысымен хаттама әзірленіп, онда кәсіпорын жұмысшыларының еңбек шартта белгіленген еңбекақы көлемін заң талаптарына сәйкес зерделеуді және еңбекақыны өсіру мәселесін, кәсіпорын мен кәсіподақ комитеті арасында жасалған ұжымдық шартқа тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, заңға сай мерзімде шешім қабылдау қарастырылған.

Кеше кәсіпорындағы орын алған жағдайға байланысты жергілікті әкімдіктің бастамасымен компания жұмысшылары "Аралтұз" АҚ президенті, акционер Д.Мұқашевпен онлайн кездесіп, талаптарын қайтадан жеткізді.

Онлайн кездесу нәтижелі шешіммен аяқталды. Акционер тарапынан қыркүйек айының 1-нен бастап басшылық құрамнан бөлек жұмысшылардың жалақысын 12,5 пайызға, жыл соңында жоспар орындалса әр жұмысшыға 42500 теңгеден сыйақы беруге және 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да жалақыны 10 пайызға көтеруге қатысты шешім қабылдады.

Өткен жылдан бері әлемдік пандемия салдарынан елімізде қаншама өндіріс орындарының жұмыстары тоқтап, қаншама адамның жұмыс орны қысқарып кетті. Алайда, індет салдарынан орын алған келеңсіздіктерге қарамастан жергілікті "Аралтұз" АҚ жұмысын тоқтатпай, қаншама аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, уақытылы жалақыларын алып отыруға мүмкіндік жасады.

Жыл басталғалы 450 мың тоннадан астам өнім шығарып, оның жартысынан астамын сырт елдерге экспорттаған өндіріс орны жыл соңына дейін тұз өндіруді 600 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу