Арбамен билеуден өткен халықаралық лицензиялық жарыстың жүлдегерлері Севда Әлиева мен Айгүл Балмағамбетованы Астана қаласы әкімдігінің спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ спортшыларды әуежайдан жанкүйерлері, әріптестері мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қарсы алып, арнайы құттықтады.
Ұран сөздер жазылған плакаттарды ұстаған жастар ел намысын қорғаған спортшыларға ризашылығын білдіріп жатты. Ал жерлестеріміз өздеріне қолдау білдірген қазақ еліне алғыстарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, 5-6 тамыз аралығында Токио қаласында арбамен билеуден халықаралық лицензиялық жарысқа 18 елдің спортшылары қатысқан болатын. Ел намысын жерлестеріміз Ардақ Отарбаев, Севда Әлиева, Айдана Бегленова қорғады.Олар бидің 10 түрінен сынға түсті.
Жарыс нәтижесі бойынша Ардақ Отарбаев пен Севда Әлиева – DUO FREESTYLE CLASS 1 би санаты бойынша 1-орынды, DUO STANDART CLASS 1 санатынан 2-орынды иеленді.
Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова COMBI LATIN CLASS 1 би санатынан қола жүлдені иеленді.
Бұдан бөлек, Ардақ Отарбаев MAN FREESTYLE CLASS 1 санатынан 3-орынды иеленді.
Айта кетейік, аталмыш жарыс арбамен билеуден әлем чемпионаты алдындағы лицензиялық жарыс болып есептеледі.
Айтулы дода елордалық спортшылар үшін сәтті өтті. Енді олар алда Италия елінде өтетін әлем біріншілігіне қатысады.