Мемлекет басшысы ҚР АШМ алдына ауыл азаматтарын ауыл шаруашылығы кооперацияларын кең ауқымда құруға ынталандыру және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда ЖҚШ әлеуетін пайдалану бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы насихат жұмысын жоғары деңгейде жүргізу үшін министрлікте мекеме қызметкерлері мен ғылыми ұйымдар өкілдерінен құрылған сарапшылық тобы құрылды. Айталық, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап "Атамекен" ҰКП агробіліктілік орталығы мен "Қазақ агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ" ЖШС біріге отырып ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша бес күндік оқыту курстарын бастап кетті, деп мәлім етті ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Аталған курстардың қорытындысы мен емтихандардан соң өңірлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізетін сарапшылық топтар таңдап алынады. Сондай-ақ, бұл үдеріске пилоттық мәртебеде жұмыс жүргізіп жатқан Нұра ауданының 12 кооперативі мен өзге де құрылымдар қатысады.
Айта кетейік, АШМ аталған жұмыстар үшін өз қызметкерлерін даярлап жатыр.
Алға қойылған міндеттердің үдесінен шығу үшін ағымдағы жылы 30 қаңтарынан бастап еліміздің барлық аймақтарында ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша тренингтер өткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, жер жерлерде жүргізілетін оқыту барысында бұған дейін құрылған кооперативтердің мониторингі жүргізіледі. Яғни, тиісті инфрақұрылымының барлығы мен қайта өңдеуші кәсіпорындармен өзара байланысы, өткізу нарығы мен өзге де мәселелері сарапталады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, мұның нәтижесінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мәліметтер базасын құру және олармен ұдайы байланыста болу жүйесін жолға қою көзделген.