Ардақ Назаров Түркістанда ішімдік ішуге тыйым салуды ұсынды

206

Түркістан облысында 30-дан астам ауыл ішімдіктен бас тартқан.

Ардақ Назаров Түркістанда ішімдік ішуге тыйым салуды ұсынды Фото: Жұмабеков Жаслан

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан қаласында ішімдік ішуге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат осыдан 1-2 жыл бұрын Түркістанда болғанын жеткізді.

"Түркістан – рухани астанамыз. Түркістан – арақсыз қала. Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, "ләйліп" көшеде жүруге тыйым салсақ. Себебі Түркістан рухани астанамыз болғандықтан, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Шетелден көп қонақ келгенде біздің азаматтарымыз ішіп алып, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында "арақсыз қала", "рухани қала" деп араққа тыйым салуға бола ма?", – деді Ардақ Назаров.

Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, аймақта "Ішімдіксіз ауыл" деген арнайы жоба бар. 

"Осы жобаға біздің облыс бойынша 30-дан астам ауыл қосылып отыр. Бұл бастама бойынша Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, әртүрлі қоғам белсенділерімен талқылаулар өткізілді. Дегенмен Түркістанның негізгі рухани-мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып, бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан бұл мәселеге де түрлі көзқарасы бар. Аталған мәселе де орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз", – деді облыс әкімінің орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу