Аргентина билігі қарашаның 15-і күні жоғалып кеткен "Сан-Хуан" сүңгуір қайығын іздестіруді уақытша тоқтатты. Бұл туралы әскери-теңіз күштерінің өкілі Энрике Бальби мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Себебі осы уақытқа дейін не кеме, не оның мүшелері табылмаған. Ал ондағы оттегі 1 аптаға, азық-түлік болса, 15 күнге ғана жетеді. Тіпті кеменің қай тұста апатқа ұшырағаны да белгісіз. Енді іздестіру-құтқару операциясына қатысқан 3 кеме кері оралып, оның орнына басқа іздестіру тобы аттандырылады.
Айта кетейік, бортында 44 мүшесі бар "Сан-Хуан" сүңгуір қайығы Ушуайя кемежайынан Мар-дель-Плата қаласына қарай шығып, Атлант мұхитында байланыс үзіледі. Осыдан кейін дереу іздестіру-құтқару операциясы басталады. Шараға 13 елдің кемесі атсалысты. Қазір сүңгуір қайықтың апатқа ұшырауына қатысты түрлі жорамал бар. Бірақ жоғалар алдында оның капитаны кемедегі тоқтың тұйықталып, апаттық жағдай туындағаны туралы хабарлаған.
"Кеме экипажын құтқарып алу уақыты екі есеге ұзартылды. Бірақ қолға алынған барлық шараға қарамастан, сүңгуір қайық табылмады. Ендігі ондағы адамдар тірі деп айта алмаймыз", - дейді Аргентина әскери-теңіз күштерінің ресми өкілі Энрике Бальби.