Аргентина биржасының индексі 30 пайызға құлдырады

1191

Аргентинаның қазіргі президентінің алдын ала сайлауда жеңіліс табуы ұлттық валюта бағамының төмендеуіне әкеліп соқты. 

Аргентина биржасының индексі 30 пайызға құлдырады

Артынан елдегі компаниялардың басым бөлігінің акциялары да құлдырай түсті. Бұл туралы CNBC басылымы хабарлады. 
Аргентина қор индексі Буэнос-Айрестегі сауда аяқталғаннан кейін 30 пайызға арзандады. Ұлттық валютаның сауда-саттық барысында долларға қатысты бағамы 30 пайызға түсіп, 45-тен 60 песоға дейін төмендеп кетті. Дегенмен кейін валюта нарығындағы жағдай тұрақталып, төмендеу 15 пайызды құрады. 

Аргентина нарығындағы ахуал жексенбі күні өткен алдын ала сайлаудан кейін нашарлап кетті. Саяси додада елдің қазіргі презиленті Маурисио Макри дауыстың 30 пайызын, ал оның қарсыласы оппозиционер Альберто Фернандес 47 пайыз жинады.Негізгі сайлау биыл қазан айының соңына белгіленген. Бірқатар сарапшының болжамынша, саяси додада Фернандес жеңіске жетуі мүмкін. 

Инвесторлар болса, Фернандестің билікке келгенін қаламайды. Олар оппозиционердің валюта нарығы мен капиталды қатаң бақылауға алатынынан сескеніп отыр. Сарапшылардың ойынша, жаңа президент шетелдік инвесторларға шектеу енгізуі мүмкін. Бұл өз кезегінде песо бағамының күрт құлдырауына әкеліп соғып, экономикаға кері әсерін тигізуі ықтимал. 

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу